09 Қаңтар, 2015

Жолдар жақсарып  келеді

327 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Елбасы Н. Назарбаев «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Жол шын мәнінде өмірдің өзегі, бақуатты тірліктің қайнар көзі» деп атап өтті. Шынында, жол жақсарса барыс-келіс, қарым-қатынас қалыпты болады, тұрмыс түзеледі. Еліміздің экономикалық дамуы кезінде кенжелеп қалған бұл саланың бойына да қан жү­гір­туге алғышарт жасап отыр. Соңғы жылдары күрежолды былай қойғанда, ауыл арасының жолдарын жөндеуге де қаржы бө­лініп, іргелі істер атқарылуда. Міне, Алға ауданында да бұл бағытта оң өзгерістер бар.  Аудан бойынша автокөлік жолдары  354 шақырымды құрайды. Өткен жылы автокөлік жолдарын күрделі жөндеу және орташа жөндеу жұ­мыстарына облыстық бюджет­тен  403,2 миллион теңге және рес­публикалық бюджеттен 261,0 миллион теңге  бөлінді. Ақтөбе облысының автожолдар басқармасының қолдауымен облыстық бюджеттен 60,9 миллион теңге бөлініп, 4 жол теліміне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге жобалық-сметалық құ­жат  дайындалып, тәуелсіз сарап­тамаға өткізілді. Олар «Үшқұдық-Нұрбұлақ» арасындағы ұзындығы – 23, Алға-Қарабұлақ ауылдарын жалғастыратын – 40 , «Есет батыр-Қайнар» арасындағы 36 шақырым жол және  Маржанбұлақ ауылына кіреберіс жолы болып табылады. Ақтөбе қаласының агломерация­сына кіретін Үшқұдық, Тамды, Маржанбұлақ, Бестамақ, Есет батыр ауылдарының  орталық көшелерін асфальттауға да жоба­лық-сметалық құжат дайындалды және жергілікті бюджеттен 5,0 миллион теңге бөлу жоспарлануда. Аудан орталығы Алға қаласы Ақтөбе агломерациясына еніп тұр әрі шағын қалаға жатады. Сондықтан қала жолдарын күрделі және ағымдағы жөндеуге баса маңыз беріліп отыр деу орынды.  Алға қаласындағы облыстық балалар үйінің кіреберіс жолы және Абай, Ленин, Футбольная, Елек, Мұратбаев, Мәмбетов және Мұхамбетов  көшелеріндегі автокөлік жолдарына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар В. Пацаев атын­дағы №2 орта мектептен аудандық мәдениет үйіне дейінгі  ұзындығы 204 метр жол орташа жөндеуден өтті. Шағын қалада 78 көпқабат­ты тұрғын үй бар, биылдың өзін­де 18 көпқабатты  тұрғын үйлердің  аулаларына асфальт төселіп, орындықтар мен балалар алаңы  және А.Байтұрсынов, Ш.Уәлиханов көшелерінің бойына тротуар салынды.  «Янка» ЖШС-ден теміржол бекетіне дейін, Уәлиханов және Сейфуллин көшелеріне 3,3 шақырымға жуық жол асфальтталды. Жоғарыда аталған жұмыстардың барлығын мердігер кәсіпорын – «АГДС» ЖШС  атқарды. – Біздің аудан Ақтөбе облы­сының азық-түлік белдеуін қамтуда ерекше орын алады. «Актеп» және «Рейімқұл» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктеріндегі бордақыланған, Айбек селолық тұтынушылық кооперативіндегі сойылған ірі қара мал  жергілікті ет нарығын қамтамасыз етіп отыр. Сондай-ақ сыртқы нарыққа ет экспорттау тапсырмасын да аталмыш екі ірі шаруашылық жүзеге асыруда. Осыған орай «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының «Жаңа бизнес бастамаларын қолдау» және «Өндірістік инфрақұрылымды дамыту» бағыттары бойынша «Актеп» ЖШС-не 174,7 миллион теңге қаржы бөлініп «Алға – Самбай» жолына ұзындығы 3,6 шақырым күрделі  жөндеу  жұмыстары жүргізілді. Облыс әкімі А. Мұхамбетовтің ауданға келген сапарында бұл жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру жөнінде тапсырма берген болатын. Ол үшін 27 үйлердің  ауласы  абаттандырылады. Сонымен қатар Алға қаласындағы 5 көшеге жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр, – дейді Алға ауданының әкімі Асқар Шериязданов. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан». Ақтөбе облысы, Алға ауданы.